Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан барлығына дайын болу керек

Отан қорғаушы күніне орай ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасының аумағында жауынгерлік парадқа қатысты. Барлық облыстың әкімдері парадқа келді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Нұрсұлтан Назарбаев парадтың шымылдығын ашты. Елбасы қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады.

«Қымбатты қазақстандықтар, сардарлар мен сарбаздар! Қадірлі ардагерлер! Баршаңызды Отан қорғаушы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баһадүр бабалар Ұлы Даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. «Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» деген дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, Тәуелсіздіктің қорғаны болу мәртебелі зор міндет. Жаужүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр. Бірақ ол абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы Күштеріміз – халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны», — деді Нұрсұлтан назарбаев.

Жауынгерлік парадқа 300-ден астам әскери техника, 40-қа жуық авиация техникасы тартылды. Армиялық бөлімшелер әскери техниканың заманауи үлгілерін іс жүзінде қолдану тәсілдерін көрсетті.

Парадта сөз алған Елбасы Қазақстан барлығына дайын болу керектігін атап өтті.

«Қазақстан төнген қауіптің бетін қайтару үшін дайын болу керек. Мемлекет армиямыздың нығаюы әлеуетіне барынша қолдау жасауда мен ерекше назар аударуда. Жүйелі түрде соңғы буынды қару мен әскери техника үлгілерін сатып алу жүргізілуде. Сондай-ақ бірқатар маңызды жауынгерлік техника мен құралдар түрін өндіру табысты игерілді. Әскери басқару жүйесі жаңғыртылуда. Біздің мақсат — қазіргі заманғы, мобильді, жоғары кәсіби білікті армияны құру», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, бұған дейін жауынгерлік парад 2013 жылы өткен.

«Қамшы» сілтейді

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.