ЖАҢА СТАТУС ЖӘНЕ ДЕПУТАТТАР КОРПУСЫ

Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшетін болды. Бүкіл қазақтың киесі, жүрегі- қасиетті Түркістанның ресми маңызы артса, қаланың дамуына себеп болады деп қуанудамыз. Дұрыс бәрі. Осы жерде жұртшылық тарапынан  маңыз берілмей жүрген бір-ақ мәселе бар сияқты:  депутаттар корпусындағы болуы мүмкін өзгерістер. Мысалы, бүгінгі Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары жап-жақсы жұмыс істеп жатыр – дау жоқ.  Бірақ қаланың статусы өзгергенде, олардың статусы автомат өзгере ме?  Облыстық орталық, облыстық маңызы бар қаланың мәслихаты мен республикалық маңызы бар қаланың мәслихатының статусындағы айырма  осы жерде өз көрінісін  бере ме,  жоқ па?  Бұрынғы алты жүз мың халқы бар қаланың мәслихатында  отыз депутат бар еді, ендігі алпауыт миллиондық қалада қанша депутат болуы керек? Облыстық мәслихат ше? Облыс статусын өзгертпегенмен, мұнда, керісінше,  халық саны азайды.  Бүгінгі  елу орыннан тұратын  мәслихат  құрамына  бұл мәселе  өз әсерін  тигізіп, депутат саны азая ма?  Миллион халқы бар Шымкент қаласы облыс құрамынан ресми шығып кетті. Яғни, ендігі Шымкент қаласының мүддесін Оңтүстік Қазақстан облысының  мәслихатында қорғау мәселесі  актуалды емес, қажетсіз болып қалды.

Осы орайда Шымкент қаласынан сайланған облыстық мәслихат депутаттарының болашағы, статусы қалай болады? Олар өз мандатын тапсыра ма, әлде автомат қалалық мәслихат құрамына жатқызыла ма? Бұған Шымкент қаласынан облыстық мәслихатқа түсуге  күштілердің күштісі, өз –өзіне сенімі нық, қаланың талапшыл да таңдамшыл сайлаушыларынан қорықпайтын, абыройлы  азаматтар ғана бел байлайтынын қосыңыз. Яғни,  егер облыстық мәслихаттың шымкенттік депутаттары мандатын тапсыратын болса, онда облыстық мәслихат жапырағы түсіп қалған гүлдей боп жұпыны тартып қалуы әбден мүмкін.   Бір кездері Шымкент қаласының  құрамына кірген ауылдық мекендерден сайланған депутаттар өз округтары қала құрамына кірсе де,  қалалық мәслихатқа депутат бола алмаған болатын. Өз депутаттық өкілеттіктерін өз округтары  тиісті аудандардан шығып кетсе де, сол өздерінің бұрынғы аудандық мәслихаттарында «атқарып»  жүр.   Сипаттап айтсақ, — саяси дәстүрде бар «портфельсіз министр»  сияқты, «округсіз депутат» феномені қалыптасатын сияқты.   Нонсенс. Бірақ  мұндай заңнамалық реттеусіздіктер  кез келген елде болуы мүмкін, тек уақтылы заңдық нормалар шығарылып, дұрыс реттеліп, кейінгі уақытта қайталанбаса болғаны.    Сіз қалай ойлайсыз?

Мұхтар Мұхамбетжан

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.