Универсиада-2017: Жұмсалған қаржының қайтарымы қандай?

Әлемдік деңгейдегі спорт додаларын ұйымдастыру – қазынаның қамы үшін емес, елдің абыройы мен беделі үшін қолға алынатын іс екені әлімсақтан белгілі. Жазғы және қысқы олимпиада, әлем чемпионаттары, Азиада, Универсиада секілді ауқымды спорттық шараларды абыроймен өткізген мемлекеттердің тәжірибесіне көз жіберсек, көбісінің тапқан пайдасынан жұмсаған шығыны бірнеше есе көп. Әлемдік жарысты өткізгеннен кейін экономикасы тұралап қалған талай мемлекетті тілге тиек етуге болады. Алайда пайдаға кенелгендер де аз емес. Мәселен, жуырда француз сарапшылары «Еуро-2016» додасынан Франция 1,2 млрд еуро табыс тапқанын есептеп шығарды.  Олардың сүйінші хабарынан кейін отандық мамандар Алматыдағы Универсиаданың шығыны мен кірістерін таразыға тартты. 28-ші Қысқы универсиада елімізге не берді деген сауалдың жауабын біз де іздеп көрдік.

Француздардың олжасы жайлы УЕФА-ның ресми сайты сүйіншіледі. Лимож университетінің Спорт құқығы және экономикасы орталығы мен KENEO агенттігі бірлесе жүргізген зерттеулер барысында белгілі болғаны – Еуропа чемпионаты кезінде Франция экономикасына 1,22 миллард еуро құйылған. «Еуро-2016» финалдық додасына алғаш рет 24 құрама қатысып, Франция қалаларында әрбір құраманың ойыншылары, бапкерлері, әр түрлі саладағы қызмет көрсетушілері, әр елдің ресми тұлғаларынан бөлек 613 мың көрермен мейман болды. Шетелдік қонақтар орта есеппен бұл елде 7,9 күн болып, тәулігіне 154 еуро шығындаған. Жалпы, Еуропа чемпионатына келген қонақтардың қалтасынан Франция қазынасына 625,8 миллион еуро түскен. Жалпақ әлем көз тігетін футбол додасына дайындық барысында  Франция 200 миллион еуро жұмсағанын ескерсек, құйылған қаражаттың еселеп ақталғанын көреміз.

Алайда бұл халықаралық спорт жарыстарын ұйымдастырушы мемлекеттердің бәрі пайданың астында қалады деген сөз емес. Мысалы, Франциядан бұрын «ЕУРО-2012» жарысын өткізген Украина 4 миллиард еуро көлеміндегі шығынға ұрынып, артынша терең қаржылық дағдарыс шұңқырына құлағаны әлемнің көз алдында. 2004 жылы Афина олимпиадасында 10 миллиард АҚШ долларынан айырылған Грекияның экономикасы да тығырыққа тірелді. Олимпиадаға арнайы салынған зәулім ғимараттары түгел қаңырап, шаш-етектен қарызға батқан гректер әлі күнге дейін ес жия алмай келеді.

Халықаралық спорт шараларын өткізу абыройы ел қазынасы үшін тым қымбатқа түсетінін Бейжің, Лондон, Сочи олимпиадалары да дәлелдеді. 2008 жылғы өткен жазғы Олимпиадаға  Қытай 43 миллиард доллар жұмсады. Ал 2012 жылы Лондон олимпиадасы оған қарағанда әлдеқайда арзанға түсті (15 миллиард доллар). Қысқы олимпиадалар ішінде 2014 жылғы Сочи олимпиадасының шығыны көш бастап тұр. 2015 жылы РФ Есеп палатасы жүргізген тексерудің нәтижесінде Сочи олимпиадасын және Паралимпиада ойындарын өткізу үшін бас-аяғы 324,9 млрд рубль жұмсалғаны белгілі болды. Ұйымдастыру комитетінің табысы 85,4 млрд рубльді құраған. Яғни шығын көлемі кірістен 4 есе көп.

Шығын жайлы сөз болғанда 2011 жылы өзіміз ұйымдастырған VII Қысқы Азия ойындарын аттап кете алмаймыз. Азия құрлығы көз тіккен дүбірлі доданы абыроймен өткізу үшін еліміз 1,65 млрд АҚШ долларын жұмсады. Оның 1,5 млрд доллары инфрақұрылымдар салуға бағытталса, 250 млн доллары ұйымдастыру шараларына шығындалған. Ресми һәм бейресми сандардың текетіресі тапқан пайдамыздың нақты қанша болғанын ұғуға кедергі келтіргенімен, додадан кейінгі жанжалдар түсімнің тым мардымсыз екенін аңғартты. Қыруар қаражат жүрген жерде сыйбайлас жемқорлық та қабаттаса жүретін әдеті бар. «Ішіп қойыпты, жеп қойыпты» деген дау-дамайлар ақ Азиаданы ел алдында абыройсыз қылғаны өкінішті-ақ. Бірақ «битке өкпелеп, тонын отқа жағатын» халық емеспіз. Қателіктен сабақ алғанымызды көрсету үшін тағы да әлем назарын өзімізге аудардық.

Күні кеше жабылу салтанаты өткен 28-ші қысқы Универсиада – елдің халықаралық аренадағы беделі сыналған жауапты шара. Жаһандық қаржылық дағдарысқа қарамастан батылдық танытып, мойнына үлкен жауапкершілік алған Қазақстанға әлемнің 57 елінен 2 мыңнан астам спортшы келді. Дүбірлі доданы өз дәрежесінде өткізу үшін, елімізге келген қонақтарға қонақжайлылық көрсету үшін аз тер төгілген жоқ. Ұйымдастыру комитеті мүшелерін қоспағанда, Алматы қонақтарына 3 мыңнан астам ерікті және қауіпсіздік саласының 7,5 мың маманы, атап айтқанда, 4700 полицей, 1 мың әскери, 1400 қызметкер, 50 кинолог қызмет көрсетті.

Енді көптің көңілін алаңдатқан қаржы мәселесіне келейік. Универсиаданың Қазақстан экономикасына түсірген салмағы қандай, төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі дода алмалы қалаға не берді? 28-ші Халықаралық универсиетттік ойындарды өткізу мүмкіндігіне қол жеткізгелі бері бұл сауалдар сан мәрте қойылды. Таразының бір басына Универсиаданың шығынын, екінші басына болжалды кірістерін тізіп, «ақшамыз желге ұшты» деп байбалам салушылар қатары азаяр емес. Оның қайсысы қайтарылмайтын шығын, қайсысы орны толатын шығын екенін айырып жатқандар некен-саяқ. Олай болса, екеуінің ара жігін ажыратып көрелік.

Шығын емес, инвестиция!

Алматы қаласы құрылыс басқармасының «2017 жылғы қысқы Универсида нысандарының құрылысы және оны жобалау» атты бюджеттік бағдарламасына сәйкес, жарысты өткізуге, қаланың сыртқы бейнесін жақсарту мақсатында үш нысан салу жоспарланды. Олар – 12 мың көрерменге арналған мұз сарайы, Алатау ауданындағы 5 мың адамға арналған Атлеттер ауылы және Медеу ауданындағы 3 мың көрерменге арналған мұз аренасы.

2014 жылы аталған құрылыс нысандары үшін Алматы бюджетінен 13 млрд теңге, 2015 жылы – 44 млрд теңге, 2016 жылы – 14,9 млрд теңге бөлінді. Үш жылдың нәтижесі бойынша жұмсалған қаржы –шамамен 73 млрд теңге  немесе 221 млн доллар (1 долларды 330 теңгемен есептеген жағдайда).

Бұдан бөлек, аталған нысандардың жобалық смета құжаттарына және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 2014 жылы – 12,2 млрд теңге, 2015 жылы – 41,47 млрд теңге,  2016 жылы – 9,27 млрд теңге бөлінген. Үш жылдағы жұмсалған қаржы – 63 млрд теңге ($190 млн). Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен құрылыс пен жобалау трансферттерін қаржыландыруға 2014 жылы – 0,872 млрд теңге, 2015 жылы – 3,45 млрд теңге,  2016 жылы – 5,713 млрд теңге бөлінді. Барлығы – 10 млрд теңге ($30 млн).  Нәтижесінде Алматы қаласындағы Универсиада үшін салынған нысандардың жалпы құрылысына жұмсалған қаржы 146 млрд теңгені құрады ($442 млн). Бұл  – капиталдық шығындар және жарысты өткізу үшін кеткен мұндай шығындар қайтарылмайды.

Әлемдік тәжірибеге көз жіберер болсақ, 2013 жылы Қазан қаласында жазғы Универсиаданы өткізу үшін 300 млрд рубль жұмсап, небәрі 10,8 млрд рубль табыс тапқан ресейліктер шығындалған қаражаттың басым бөлігі шаһардың болашағы үшін салынғанын түсінді. Алматыда бой көтерген нысандар әрі қарай ел игілігіне қызмет ететінін біз де ұғуымыз керек. Бұл шығындар – еліміздегі бұқаралық спортты дамытуға салынған инвестиция. Универсиада біткеннен кейін мұз сарайы мен мұз аренасына сұраныс болмайды дегенге сену қиын. Аталмыш нысандарды қысқы спорт жарыстарына ғана емес, жазғы спорт ойындарына арнап та бейімдеуге болады. 12 мың адам сиятын «Алматы Арена» – ауқымды мәдени шараларды өткізуге таптырмас орын. Сондықтан бұл нысандардың құрылысына жұмсалған қаражатты желге ұшқан ақша деп бағалау әбестік.

8-9 қабатты 8 тұрғын үйі бар Атлеттер ауылы да додадан кейін қаңырап қалмайды. Толыққанды әлеуметтік инфрақұрылымы бар нысан 1,7 мыңнан аса отбасы үшін жайлы баспанаға айналады. Атлеттер ауылының 1748 пәтері ары қарай сатып алу мүмкіндігімен жалдауға беріледі, осылайша алғашқы 8 жыл ішінде 15,5 млрд теңге мөлшерінде инвестициялардың 40 пайызы қайтарылмақ. Бұл Алматыдағы баспанаға кезекті 10 пайызға азайтуы тиіс. Сондай-ақ, Атлеттер ауылының 30 мың шаршы метр әкімшілік аумағын түрлі көрмелер, конференциялар ұйымдастыру үшін пайдалану көзделген.

Енді операциялық бюджетке келейік. Бұл – жарыстарды ұйымдастыруға жұмсалған шығындар.  Бастапқыда Алматыда Универсиаданы өткізуге жұмсалатын қаржы көлемі 32 млрд теңге көлемінде бекітілді. Бірақ Елбасының жарысты барынша үнемді өткізу туралы тапсырмасынан кейін шығынды 17 млрд теңгеге дейін ($51,5 млн) қысқарту жөнінде шешім қабылданды. Универсиада кезінде қызмет көрсететін автотранспорттар жалға алынды (шамамен 520 бірлік), промоакциялар мен мәдени, ойын-сауық бағдарламаларының біразы қысқартылды. Халықаралық шараның ашылу және жабылу салтанатын өткізуге жұмсалатын қаржы 1,2 млрд теңгеге дейін ($3,6 млн) азайтылды.  Нәтижесінде операциялық бюджет пен нысандарды салуға жұмсалған қаржыны қоса есептегенде, Универсиаданы өткізуге кеткен шығын 500 млн долларды құрады. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2019 жылы Красноярск қаласында өтетін қысқы Универсиаданың жалпы бюджеті шамамен 51,8 млрд рубльді құрайды деп жоспарланып отыр (1 доллар 60 рубльді құраған жағдайда  $863 млн). Спорт нысандарының құрылысына және жөндеу жұмыстарына  44,5 млрд рубль ($741 млн) жұмсау көзделсе, операциялық бюджет 7,3 млрд рубльге ($121 млн) бағаланып отыр.

Еліміз Универсиадаға дайындық барысында 2013 жылғы қысқы Универсиаданы  өткізген итальяндықтардың тәжірибесін басшылыққа алғанын айта кеткен жөн. 51 елдің 1 700-ден астам спортшысын қабылдаған   Италияның Тренто қаласында өткен дода операциялық бюджет жөнінен қысқы Универсиадалар тарихындағы ең үнемдісі болған еді. Жарысты өткізуге небәрі 5 млн 125 мың еуро жұмсаған итальяндықтар әлемнің 700 университетінен келген студенттер мен олардың жанкүйерлеріне жоғары дәрежеде қызмет көрсете білді.

Қазынаға қанша қаражат құйылды?

Ендігі сауал – Универсиада ел экономикасына қандай пайда әкелді? Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек 17 қаңтар күні үкімет отырысында Универсиада кезінде туристердің келуі шағын және орта бизнеске шамамен 2 млрд теңге табыс әкеледі деп мәлімдеген еді. Қала басшысының айтуынша, Универсиада нысандарының құрылыс жұмыстарын 30 мың жаңа жұмыс орнын құрған 1550 шағын және орта кәсіп өкілдері жүргізді. Олардан қазынаға жалпы көлемі 9,2 млрд теңге салық түскен. Шараға дейінгі дайындыққа 5 мың қызметкер жұмыс істейтін 220 компания жұмылды. Ол компаниялардың 80 пайызы алматылық екенін ескерсек, Универсиада  шаһардағы шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін бергенін айтпай кетуге қақымыз жоқ.

Global destination cities index-тің бағалауына сүйенсек, Алматыда шетелдік турист күніне 245 доллар жұмсады. Осылайша Универсиаданы тамашалуға келген 5 мың қонақ 5 күнде шағын және орта бизнеске 2 млрд теңгеге жуық табыс әкелді.

Cондай-ақ, жарысқа қатысушы мемлекеттердің өзі Атлетикалық ауылда тұру үшін 1 млн еуро төледі. Одан бөлек, Универсиада әкімшілігі ұсынған 8 қонақүйге толығымен спорттық делегациялар орналасты. Аталған қонақүйлерге жайғасу құны әр түрлі. Мысалы, «Қазақстан» қонақтары – тәулігіне 70 доллар, Shera Park Inn меймандары – 85 доллар, Holiday Inn Almaty-ға жайғасқандар күніне 105 доллар төлейді.

Универсиада билеттерін сатудан түсетін кіріс те мол болғанын айтылуда. Спорттық ойындардың ең арзан билеті 300 теңге болды. Мұндай сомаға жанкүйерлер хоккей турнирінің топтық кезеңінің матчтарын көруге мүмкіндік алды. Ал кёрлинг бойынша билет бағасы 500 теңгеден, шаңғы қоссайысы бойынша – 700 теңге, конькимен жүгіру спорты – 1000 теңге, тау шаңғысының билет бағасы – 1500 теңге болды. Ал мәнерлеп сырғанауды тамашалауға келгендер билетті 2500 теңгеге сатып алды. Ең қымбат билеттер хоккей турнирінің финалында 2000-5000 теңге аралығында сатылды.  Ал Универсиаданың ашылу салтанатының билеттері 15 мың теңгеден сатылса, жабылу салтанатына келушілер билетті 13 мың теңгеге сатып алды.

Спорттық жарыстарға көрермен қызығушылығының зор болғанының бір дәлелі – билеттердің бәрі сатылып кеткендіктен ұйымдастыру комитеті FISU мен ресми делегациялар өкілдеріне, сондай-ақ спортшылар мен БАҚ өкілдеріне бөлінген орындардың 90 пайызын сатылымға шығаруға мәжбүр болды. Универсиада басталмас бұрын билеттерді толық сатудан түсетін қаржы (шығындармен салыстырғанда) шамамен 1 млн теңгені құрайды деген болжам жасалған болатын. Алайда қосымша билеттер сатылымға шығарылғанын ескерсек, табыс бұл сомадан әлдеқайда көп болғаны анық.

Қала әкімшілігі халықаралық жарыстан қазынаға қанша қаржы түскенін ресми түрде жариялай  жатар. Оның аз-көптігі Универсиаданың өткізілу деңгейіне анықтауыш бола алмайтыны даусыз. Әсілі, Универсиада қалтамызды қампайтуы тиіс деген түсініктің өзі қате. Спорттық доданы ұйымдастыруға жұмсалған әр тиынды ұзақмерзімді жобаға салынған инвестиция деп ұғу керек. Универсиада өз мәресіне жетті. 10 күн бойы Алматының ауасымен тыныстап, асқар Алатаудың баурайында бой жазған 2 мың спортшы мен олардың шашбауын көтерген бапкерлері мен жанкүйерлері өз елдеріне оралды. Енді олар өз отандастарына Қазақстан жайлы жақсы сөз, жағымды пікір таратар болса – жұмсалған миллиардтардың бір қайтарымы сол. Халықаралық жарысқа құйылған қаражаттың тағы бір қайтарымы – жаңадан бой көтерген спорттық нысандарда жаттығып, Универсиада, әлем чемпионаттары мен Олимпиадалардың биік тұғырына көтеріліп, әлемнің әр бұрышында еліміздің Әнұранын әуелететін чемпиондардың көбейетіні. Сондықтан ел беделін көтеретін өнер, спорт, білім мен ғылым секілді салаларға келгенде тартынатын жөніміз жоқ.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.