Түтінге тұншыққан ел

Адам денсаулығына зиян келтіруші факторлар ішінде атмосфераның ластануы айрықша орын алады. Соңғы он шақты жылда адамзат оны сезініп те, көзімен көріп те үлгерді. Тіршілік тұтқасы – оттегінің тапшылығы, әсіресе, әлемнің ірі мегаполистерін тығырыққа тірей бастады. Жуырда CNN жариялаған «Бейжіңнің көк түтіні: екі қала туралы әңгіме» атты мақала тозаңнан тұншыққан Қытай астанасының бүгінгі жағдайын жайып салған. Экологиялық түйткілдің соңы әлеуметтік теңсіздікті ушықтырып, ел экономикасының шайқалуына әкеп соғатынын көрсету үшін мақала авторы түрлі дәйектер келтірген. Түсінгеніміз – Алты құрлықты аузына қаратқан алпауыт державаның тағдыры түтінге тәуелді болып тұр.

Әлемге қауіп төндіретін катаклизмдердің көбеюі, климаттың өзгеруі, ауызсу тапшылығы, атмосфераның қызуы мен ластануы секілді жаһандық түйткілдер адамзатты қыспаққа ала бастады. Жердің атмосфера деп аталатын үстіңгі қабатын, 80 шақырымға дейінгі биіктіктегі кеңістіктің 78 пайызын – азот, 21 пайызын – оттегі, 0,03 пайызын – көмірқышқыл газы, 0,04 пайызын – аргон және 0,93 пайызын әртүрлі газдар құрайтыны белгілі. Алайда дүниежүзі бойынша жылу энергиясын көп тұтынатын ауыр өнеркәсіптің дамуына байланысты адамдар тығыз орналасқан жерлердегі ауаның құрамында оттегі күрт азайып, көмірқышқыл газы көбейді. Атмосферадағы табиғи тепе-теңдік бұзылды. Ең көп тарайтын улы заттар – көміртегінің оксиді (СО), күкірттің диоксиді (SO2), азоттың оксиды (МОх), көмірсутегі (Cn Hm) және зиянды шаң-тозаң. Олардың құрамында фтор қосындысы, хлор, қорғасын, сынап және бензапирен сияқты қауіпті заттардың 500-ден астам түрі бар. Зиянды газдардың атмосфераға көп мөлшерде шығарылуы тыныс алу арқылы адам ағзасына ғана емес, тұтастай жан-жануарлар, өсімдіктер әлеміне, экожүйенің, қоршаған ортаның тозуына әкеп соғады. Бұл – әлемді толғандырған түйткіл.

Америкалық ғалымдардың есебінше, ісік аурулары мен тыныс алу органдарындағы қатерлі ауруларды туғызатын атмосферадағы ұсақ дисперстік бөлшектер жылына 2,1 миллион адамның өмірін жалмайды екен. Ал жалпылай алғанда, ауаның ластануы жыл сайын 7 млн адамның өліміне себепкер болады.

Қоршаған ортаның ластануы денсаулығымызға ғана емес, тұрмыстық һәм әлеуметтік жағдайымызға тікелей ықпал ете бастағанын аңғармау мүмкін емес. Бұрын ауызсуды құтылап сатып алатын болсақ, енді таза ауаға да дәл солай ақша төлеп қол жеткізетін болдық. Өйткені ғылыми-техникалық прогресс ілгерілеген сайын адамзаттың тынысы тарылып, тұншыға бастады. Әсіресе, миллиондаған халық шоғырланған Қытай мегаполистері көк аспанды тұмшалаған қара түтінге тұншығып жатыр. Мысалы, Бейжіңде өмір сүретіндер қаланың ауасымен тыныстағанда күніне екі қорап темекі шеккендей болады екен. Тыныс алу ауруларын қоздыратын PM 2,5 микробөлшектер мұнда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасынан үш есе жоғары екені анықталды. Сондықтан ірі қалалардың денсаулығын қорғағысы келетін тұрғындары құтыға сығымдалған таза ауаны сатып алуға мәжбүр. Солардың бірі – Бейжің тұрғыны Цзян Ван. CNN тілшісіне сұхбат берген әйел қаланы торлаған тозаң өз отбасының өмір салтын қалай өзгерткенін айтып берген.

Таңертең ұйқыдан көзін ашқан бойда Цзян Ванның ең бірінші ісі – ұйықтап жатқан қызының ауа тазартқыш сүзгісінен өткен залалсыз ауамен тыныстап жатқанына көз жеткізу. Көңілі жайланған соң ғана ол таңғы ас қамына кіріседі. Тамаққа мүмкіндігінше органикалық фермадан әкелінген көкөністер мен жеміс-жидектерді ғана пайдалануға тырысады. Қолын сүзгіден өткен сумен жуады. Суды зиянды заттардан тазартатын жабдық асханадағы қолжуғыштың төменгі жағына орнатылған. Ал ауызсу ретінде құтыдағы импортталған суды ғана пайдаланады. Ванның әр күні осылай басталады. Қоршаған ортадағы шаң-тозаңның залалынан өзін және отбасын қорғау үшін қытайлық әйелдер осылайша әр қадамын қадағалап отыруға мәжбүр. «Көзімізді ашқаннан түнгі ұйқыға кеткенше демалатын ауамыз, ішетін суымыз бен жейтін асымызға сақтықпен қарап, таза екенін мезгіл сайын тексеріп отыруға мәжбүрміз», − дейді Цзян Ван.

Өз өмірлерін түтіннің залалынан қорғағысы келетін отбасы айлық табысының басым бөлігін тазартқыш құрылғыларға жұмсайды. «Лас ауа қалтамызға аз салмақ түсіріп жатқан жоқ. Бірақ денсаулықтан ештеңені аяуға болмайды. Денің сау болмаса, шіріген байлықтың не қадірі бар?», − дейді Ван ханым. Алайда Қытайда қатары өсіп келе жатқан орта тап пен кедей халық үшін байлар пайдаланатын үй жабдықтары қолжетімсіз. Ластанған ауаның ауру-сырқау мен таптық түйткілдерді қатар қозғауы мемлекеттегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін ауыр соққы болды.

Нанкин университетінің Қоршаған орта мектебі жүргізген зерттеулердің қорытындысына сүйенсек, Қытайдағы өлім-жітімнің үштен бір бөлігі ауадағы зиянды заттардың салдарынан болады. Өткен жылдың қарашасында жарияланған зерттеуде 2013 жылы Қытайдың 74 қаласында тіркелген 3 миллионнан астам кісі өлімі зерттелген. Нәтижесінде өлім-жітімнің 31,8 пайызы ірі қалалардағы ластанудың әсерінен туған ауру-сырқаудың салдарынан болғаны, әсіресе, Бейжіңді айналдыра қоршап жатқан Хэбэй провинциясындағы қалалар елдегі ең қатты ластанған аймақ екені белгілі болды.

Тозаң қалтаны қағып барады

 Ванның отбасы жуырда ауаны сүзгіден өткізетін жаңа қондырғы орнатқан. Құны 4300 АҚШ долларын құрайтын вентиляциялық жүйе сырттағы ауаны тазалап, үйдің ішіне айдап отырады. Сондай-ақ, үйдегі әр бөлмеге ауа тазартқыштар қойылған. Мұндай құрылғымен сегіз бөлмені толық жабдықтау үшін 7 200 АҚШ долларын жұмсаған. Ауа тазартқыштарды айына бір рет ауыстырып тұру керегін ескерсек, оған тағы 430 долларды қосыңыз. Таза ауамен тыныстап, таза су ішкісі келетін отбасы су сүзгісі үшін 300 доллар және себезгі сүзгілері үшін 1000 доллардан астам қаражат шығындапты.

Ал Қытайдағы дәулеті тасыған отбасылар сапалы ауа мен таза су жөнінде кеңес берумен айналысатын Environment Assured секілді компаниялардың қызметін пайдаланады. Аталмыш компания өз клинеттеріне тұрғын үйлер мен кеңселердегі ауа құрамындағы токсиндердің үлесін анықтап береді. Environment Assured-тің вице-президенті Алекс Кукордың айтуынша, компания қызметтерінің толық пакетін 15 мың долларға сатып алуға болады.

Ауаның ластану деңгейі Қытайда тұрғын үй құнының құбылуына да ықпал етуде. Мәселен, үйлері ауа тазартқыш жүйемен жабдықталған Бейжіңнің MOMA кешеніндегі пәтерлердің құны 3 млн доллардан асып жығылады. Бұл қаланың тозаңды аумағындағы көлемі дәл сондай пәтерлердің бағасынан шамамен алты есе қымбат.

Тұрғын үйдің аумағынан тыс жерлерде де шығындар аз емес. Жылдық оқу ақысы 37 мың АҚШ долларын құрайтын Бейжің халықаралық мектебі шаң-тозаң кезінде балалардың алаңқайда алаңсыз әрі қауіпсіз ойнауына мүмкіндік беретін қысымды күмбездер орнатты. Оның құны – 5 млн доллар. Арзан емес. Соған қарамастан, оқушы тартуды көздейтін өзге білім мекемелері де осы мектептің үлгісі бойынша күмбездер орнатуды қолға ала бастады.

Денсаулықтарына қатты алаңдайтын бейжіңдіктер өндірушілерге арнайы тапсырыс беріп, үйге экологиялық таза өнімдерді алдыруды әдетке айналдырған. Мәселен, «Тонидың фермасы» деп аталатын шаруа қожалығының тауарларын жыл бойы үздіксіз тұтыну үшін олар 3400 доллар төлеуі шарт. Ферма қызметкерлері тапсырыс берушінің үйіне аптасына екі рет 3 келі табиғи азық-түлік жеткізіп беріп тұрады.

Тынысты тарылтқан түтіннен қашып құтылу үшін шекара асып кететін қытайлықтар да аз емес. Бірақ өзге мемлекеттерде де ауа мен судың, тағамның жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Ұлыбританияда сығымдалған таза ауаның бір құтысы үшін 115 АҚШ долларын төлеуге тура келеді. Ластануға қарсы жақпалардың құны 100 доллардың айналасында. Сондай-ақ, нарықта бөлменің тозаңын сорып алатын қымбат бойтұмарлар бар. Қарапайым тұрғындар бұлардың біреуін сатып алады дегенге сену өте қиын.

Мемлекеттің экономикалық дамуы миллиондаған адамның материалдық жағдайын оңалтқанымен, елдің жедел индустриялануы арқасында байыған Қытайдың ең ауқатты адамдары өндірістік ластанудан өздерін қорғауға дәрменсіз. «Бұл мәселе расында да елді тығырыққа тіреп тұр. Мемлекеттің бүкіл аймағындағы ауаның ластануы Қытайдың әлеуметтік тұрақтылығына қауіп төндіре бастады», − дейді Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының маманы Барбара Финамор. Жуырда Чэнду қаласында өткен экологиялық наразылық акциясы маманның бұл сөзіне дәлел бола алады. Абырой болғанда, жергілікті билік шеруге шыққан тұрғындарды ың-шыңсыз таратып үлгерді.

Қытайдың сәтсіз қадамдары

 Қытай ауаға парникті газдарды көп көлемде шығаратын мемлекеттердің бірі. Бұл ел экономикасын қыруар шығынға батыруда. RAND корпорациясының дерегіне сүйенсек, 2012 жылы қоршаған ортаның ластануы салдарынан Қытай 525 млрд доллар жоғалтқан. Ел үкіметі ауа сапасының бұзылуы өзекті мәселе екенін біледі. 2014 жылы ҚХР билігі ресми түрде «ластануға қарсы соғыс» бастағаны есте. Алайда нәтиже көңіл көншітерлік емес. Шетел асып, жатжұрттықтардың тәжірибесімен танысып, ауаның ластануынан сақтану жолдарын үйреніп келуге Қытайдағы жоғарғы және орта тап өкілдерінің мүмкіндігі жетпейді дегенге сену қиын. Алайда дабыл қағылып, қауіп туралы қатаң ескерту жасалған күннің өзінде ел тұрғындары аузы-мұрындарын шәлімен ораудан әрі аспайды. Тым құрығанда қорғаныс маскаларын киіп жүруді әдетке айналдыра алмағандар көп. Елде экологиялық жағдайдың ушыққаны соншалық, жергілікті БАҚ екі күннің бірінде мемлекеттік билікке ластанудың салдарымен күресудің тиімді жолдарын қарастыратын уақыт жеткенін ескертуден шаршады.

Десе де, соңғы жылдары Қытай қоршаған ортаны қорғау бағытында бірқатар нәтижелі қадамдар жасағанын айтпай кетуге болмайды. Мәселен, «Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, бүгінде Бейжің қаласының айналасындағы 663 елді мекен көмірдің орнына табиғи отын пайдалана бастаған. Ал Қытайдың Климат жөніндегі Париж келісіміне қол қоюы халықаралық деңгейдегі маңызды қадам болды. Аспан асты елінің жел және күн энергиясын өндіру көлемі бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі екенін ешкім жоққа шығармайды. Алайда бұл шаралардың барлығы түтінге тұншыққан Бейжіңнің тасасында қалып қойғандай. Қытай билігі ел астанасында өмір сүру мүмкін болмай бара жатқанын айтқан ауыздарға қашанға дейін қақпақ болары белгісіз. Желіде ондаған миллион адам тамашалаған «Күмбез астында» деректі фильмінің санаулы күннен соң Қытай сайттарынан ізім-ғайым жоғалуы мемлекеттік цензорлардың ісі екенін шамалау қиын емес. Ластанудың сорақы салдарларын ашып көрсеткен фильм билікке ұнамағаны анық. 

Біреудің бас ауруы – біреудің наны

 Үкімет түйткіл көрген жерден кәсіпкерлер мүмкіндік көреді. Өзінің және кішкентай қыздарының өмірін қорғау үшін сыртқы ортадан оқшауланған Цзян Ван сияқты жергілікті тұрғындар ластанудан пайда көріп отырған кәсіпкерлердің өндірісін өркендетуде.

«Кішкентай қызымның өмірге келгеніне көп болған жоқ. Оның демалғанда шаң-тозаң жұтып жатқанын ойлаған сайын үрейім ұшады. Ауа тазартатын құрылғының жұмыс істеп тұрғанын ұдайы тексеріп отыру үшін екі күн бойы көз ілген жоқпын. Балаларым әлі тым кішкентай. Олардың өмірі үшін қатты алаңдаймын», – дейді Ван.

Ластанған ауаның арқасында қытайлық іскерлер кәсіптің жаңа түрін дөңгелете бастады. Daxue консалтингтік компаниясының дерегінше, 2010 жылы Қытайда 200 мың ауа тазартқыш құрылғы сатылған. Төрт жылдан кейін бұл көрсеткіш 2 миллионға бір-ақ секірді. Huidian маркетингтік компаниясының зерттеуіне сүйенсек, ауа тазартқыш жабдықтарға деген сұраныс 2018 жылы 4 миллионға жетуі ықтимал.

«Ауа тазарту құралдарының қолжетімділігі күн өткен сайын артып келеді» дейді Environment Assured-тің вице-президенті Алекс Кукор. Мәселен, Қытайдың Xiaomi технологиялық компаниясының қуатты ауа тазартқыштары 360 доллар тұрады.

Ішіне таза ауа сығымдалған құтылар да алыпсатарлар үшін олжалы бизнес көзіне айналды. Соңғы жылдары қытайлықтар 7,7 литрлік баллонға сығымдалған таза ауаны Канададан сатып ала бастаған. Бір құтының құны 108 юань – бес доллар. Баллондағы оттегі шамамен бір секундтық 150 жұтым ауаны құрайды. Канадалық Vitality Air компаниясы өткен жылдан бері Аспан асты еліне таудың таза ауасы құйылған құтыларды оттегі маскасымен бірге тұрақты түрде сатып келеді. Бір жұтқан кезде адамның өкпесіне 400-500 миллилитр ауа барады деп есептегенде, баллондағы ауа 15 рет кеудені кере дем алғанға ғана жетеді.

Канада Тынық мұхитының арғы жағында орналасқан. Сондықтан алыстан арбалағаннан гөрі, жақыннан дорбалаған тиімді болатынын түсінген жергілікті кәсіпкерлер ауаны енді Жаңа Зеландиядан сатып ала бастаған. Бірақ жаңазеландиялықтар ауаның бағасын канадалықтардан қымбатырақ сұрап отырған көрінеді. Жаңа Зеландияның тазаланған, оттегіге бай теңіз ауасы толтырылған, сыйымдылығы 7,7 литрлік баллонның құны 219 юань, біздің валютаға шаққанда 10749 теңге. Яғни, қытайлықтар бір жұтым таза ауа үшін 1,2 юань (60 теңге) төлеуі тиіс.

Ауаны сатып алатын күн Алаштың басына да тууы мүмкін. Халықаралық сарапшылар жуырда ауаның ластану деңгейі бойынша адам өміріне қауіпті болып табылатын Қазақстандағы 15 қаланы атады. Олардың ішінде Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтау, қызылжар сияқты бес ірі қала бар. Quality of Living Survey халықаралық сараптау орталығының мәліметтеріне қарағанда, Алматы қоршаған ортаның тазалық деңгейі бойынша әлемдегі 230 ірі қаланың ішінде 176-орынды иемденіпті. Бірақ әлгі 230 қаланың көбінде он миллионнан астам тұрғын бар. Біздің Алматының халқы екі миллионға да толмайды, өндіріс орындары да олардыкінен айтарлықтай аз, бірақ ауасы өте лас. Ауадағы улы заттар Бейжіңде нормадан 3 есеге артық болса, біздің қаламызда 9 есеге көп екен. Бұл – Almaty Urban Air мәліметі. Ауадағы зиянды заттарды сейілтуге метрологиялық жағдайдың қолайсыздығы себеп дейді мамандар. Біз де көп ұзамай ауа сұрап, мұхиттың арғы жағындыларға алақан жайып жүрмесек болғаны да.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.