«Астана Арландары» өзбек боксшыларынан басым түсті

Талдықорған қаласында Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) аясында қазақстандық «Astana Arlans» пен өзбекстандық «Ozbek Tigers» боксшылары жекпе-жек өткізді. Бұл кеште жерлестеріміз 4:1 есебімен басым түсті.

Алғаш болып рингке 52 кило салмақта Олжас Сәттібаев пен Аброржан Кодиров шықты. Отандасымыздың тегеурініне өзбек боксшысы төтеп бере алмады. Нәтижесінде Сәттібаев жеңіске жетті.

Екінші болып шаршы алаңға 60 килода қазақстандық Закир Сафиуллин мен өзбекстандық Муроджан Ахмадалиев шықты. Жерлесіміз де Олжас Сәттібаевтың жолын жалғап, қарсыласынан басым түсті.

Үшінші болып 69 килода Асланбек Шымбергенов пен Шахрам Гиясов күш сынасты. Жанкүйерлер нағыз жан алысып, жан беріскен кездесудің куәсі болды. Алғашқы екі раундта өзбек боксшысы жеңіске жеткенмен, келесі алты минутта Шымбергенов басым болды. Ал қорытынды бесінші раундта төрешілер отандасымыздың белсенділігіне оң баға беріп, жеңіске лайық деп таныды.

Бұдан кейін рингте 81 килода Нұрдәулет Жарманов пен Бектемір Меликузиевтің айқасы өтті. Өкінішке орай, Нұрдәулеттің сүреңсіз өнері қазақстандықтардың алғашқы жеңілісіне себеп болды.

Соңғы болып аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев пен Баходир Жалолов шықты. Бұл сында отандасымыздың адуынды шабуылдарына өзбек спортшысы қарсылық таныта алмады. Осылайша, соңғы жекпе-жек те қазақ боксшысының жеңісімен аяқталды.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.